Слайд 1Дүниежүзілік көркемөнер мәдениеті
ХІХ ғасырдың соңы мен хх ғасырдың басындағы орыс
өнері
Бейнелеу өнері, сызу және өнер пәндерінің мұғалімі Отаев Бауыржан Толепбергенович
Слайд 2Сабақтың мақсаты:
1.ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы Орыс өнері
туралы оқушылардың көзқарасын қалыптастыру. Орыс өнерінің жетістіктерін көрсету;
2.Орыс суретшілерімен таныстыруды
жалғастыру, өнері туралы білімдерін жетілдіру;
3.Оқушыларды әсемдікті сезіне білуге, мәдениетті болуға,адамгершіліке тәрбиелеу.
Слайд 3Сабақтың түрі: таныстыру сабағы.
Сабақтың әдісі: көрнекілікті кеңінен пайдаланып, баяндамалы түсіндірмелі.
Слайд 4Сабаққа қажетті көрнекіліктер мен құрал жабдықтар: СD дискі, электронды тақта,
иллюстрациялар, М.Ю.Лермонтов «Поэзия», сол кезде жұмыс істеген суретшілердің портреттері мен
танымал шығармалары.
Слайд 5Пән аралық байланыс: тарих, орыс әдебиеті, бейнелеу өнері.
Слайд 6Маковский Константин Егорович
1839-1915
Маковский суретші жанұясында дүниеге келіп, балалық кезінен шығармашылық
ортада өсті. Әкесіне көптеген суретшілер қонаққа келіп тұрған, олардың ішінде
училище ұстаздары да болды. Бірақ Маковский өз жолын таңдап, 1858 жылы Мәскеуді, туған үйін тастайды да, Петербургке жол тартады. Онда Көркемсурет академиясына түседі, бірақ оны бітіре алған жоқ. Дипломдық жұмысын жасамай ол академиядан кетіп, Крамской басқарған суретшілер Артеліне қосылады.
Маковский портрет жанрында көп жұмыс істеген. Оның Сарай алаңындағы шеберханасы әйгілі болды, ал оның кейіпкерін өміріндегіден әсерлеп, әдемілеп салған портреттері өте жоғары бағаланған. Маковский модельдерінің психологиялық мінез-құлқына көп көңіл бөлгеннен гөрі, қымбат маталар мен киімдерін, қоршаған ортасын әдемі бейнелеп, оларды ұтымды жағынан көрсетуге және ұқсастықты тура бере білуге көбірек мән берген.
Тек кейбір портреттері, мысалы «Алексеич», Маковскийде қандай дарын болғанын бізге паш ете алады.
Слайд 7Верещагин Василий Васильевич
(1842–1904).
Верещагин 1842 жылы бай-помещиктің үйінде дүниеге келген.
1850-1860 жылдары петербургтың Кадет корпусында білім алып, оны гардемарин шенінде
бітірді. 1860 жылы Петербургтың Көркемөнер академиясына түсіп, 1863 жылы ондағы сабақ беру жүйесімен келіспегендіктен тастап кетеді.1864 жылы Париж қаласындағы әсемдік өнері Мектебінде Жан Леон Жеромның шеберханасында дәріс алады.
Өмір бойы Верещагин саяхатқа шыққанды жақсы көрген.Ресейдің көптеген жерлерін, Кавказды, Крымды, Батыс Еуропаны, Түркістанды (Ресей әскерінің колониалдық соғыстарына қатысып), Үндістанды, Сирия мен Палестинаны, АҚШ-ты, Филиппинді, Кубаны, Жапонды аралап, Балкандағы орыс-түрік соғысына қатысқан. Сол саяхаттары мен жорықтарында алған әсерлерін шығармаларында көрсете білген. Оның баталдық жанрда салған картиналары өмірдің шындығын, соғыстың қайғы-қасыретін шынайы суреттеумен құнды деуге болады. Бұлттанған аспан астында жатқан, топырақпен беттерін жұқалап қана жапқан, қаптаған жауынгерлердің мәйіті салынған «Жеңімпаздар.Еске алу» атты картинасында, Верещагин болгарларды осман езгісінен құтқару үшін орыстардың қандай құн төлегенін ашық көрсетеді.Бұл сол кездегі патша өкіметінің панславяндық үгітіне ашық қарсылық білдіру еді.
Верещагин әйгілі «түркістан сериясындағы» «Соғыс апофеозы» атты картинасында, шөл далада үйілген бас сүйектер пирамидасын салып, бүкіл соғыс тақырыбына салынған шығармаларына қорытынды жасағандай. Картина астына жазылған «Бүкіл ұлы жаулап алушыларға: өткен, қазіргі және болашақ, арналады» атты үндеуі, оның соғысқа деген көзқарасын көрсетіп-ақ тұр.
Верещагин 1904 жылы орыс-жапон соғысы кезінде қайтыс болды.
Слайд 8Репин Илья Ефимович
(1844-1930)
Репин 1844 жылы Харьков қаласының маңындағы Чугуев қалашағында
дүниеге келеді. Анасы пасхаға арналған жұмыртқаларды әшекейлеумен айналысқан және бұл
ісінде оған ұлы Илья көмекші бола білді.
1863 жылы Репин Петербургқа келіп, ондағы Сурет салу мектебінде дәріс ала бастайды. 1864 жылы Академияда тыңдаушы болады, Крамской арқылы суретшілер Артелімен жақындасады.
Илья Репиннің алғашқы суреттері жан-жақты тақырыптарды қамтыды. Ол діни тақырыпқа да, тұрмыстық жанрға да, портрет жанрына да көп көңіл бөлді.
Петербургтың қасында серуендеп жүрген кезінде Репиннің назары екі топқа түседі. Бірінші топта жас бай жігіттер мен сәнді киінген ханымдар да, екінші топта Нева өзенінде баржа сүйреген, жұлым-жұлым киінген бурлактар. Крамскойдың ықпалымен Репин «Бурлактар» картинасын 1868 жылы жазуды ойластыра бастайды. 1870 жылы Волгадан алып келген этюдтерінің желісімен «Волгадағы бурлактар» картинасын жазуды бастап, оны 1873 жылы аяқтап бітіреді.Бұл картина Репиннің атын алғаш рет даңққа бөледі.
1880-інші жылдары суретшінің нағыз шыңдалған кезі басталады. 10-12 жылдың ішінде ол өзінің ең танымал шығармаларының көбін қылқаламынан шығарды. Осы жылдары Репин «Курск губерниясындағы крест жорығы», «Үгітшінің тұтқындалуы», «Күтпеген еді», «Иван Грозный мен оның ұлы Иван», «Запорождықтар түрік сұлтанына хат жазуда» және т.б. картиналарын жазады.
Илья Репин 1887 жылы жылжымалы көркемсурет көрмелері Серіктестігінен шығып, 1894 жылы Академияға оралады. 1899 жылы екінші рет үйленген ол Финляндияда тұруға шешім қабылдайды. 1930 жылы қайтыс болған Репин өз үйінің қасында, сүйікті бағында жерленеді
Слайд 9Суриков Василий Иванович
(1848-1916)
Суриков 1848 жылы Красноярскіде казактар жанұясында дүниеге келген.
1856-1861 жылдары сол қаланың уездік училищесінде сурет салудың алғашқы дәрістерін
алады.Оның салған суреттерін красноярскінің губернаторы П.Н.Замятин мен бай алтын өндіруші П.И.Кузнецов қатты ұнатып, Суриковты Петербургтегі суретшілерді қолдау Қоғамы мектебіне түсіріп, оқуының қаражатын өз мойындарына алады. 1869 жылы ол көркемсурет Академиясына түседі. Академиядағы оқуы өте сәтті болады. Әсіресе композиция құруда үлкен жетістіктерге жетеді. Оны достары бекер «композитор» деп атамаса керек.
Суриков жылжымалы көркемсурет көрмелері Серіктестігіне, орыс суретшілері Одағына мүше болып қабылданады.Ол Сібірде, Донда, Волгада, Крымда көп рет болған. 1880-1890 жылдары Францияға, Италияға және т.б. Европа елдеріне саяхат жасайды. Оған Италия мен Испания елдерінің Қайта өрлеу дәуірі суретшілерінің шығармалары қатты әсер етті.
1881 жылы Суриков «Атқыштарды жазалау таңы» атты өзінің алғашқы тарихи және керемет картинасын аяқтайды.Өзінің тарихи тақырыпта жұмыс істейтін мықты суретші екенін «Меньшиков Березовта» (1883) және «Бояр ханымы Морозова» (1887) атты картиналарымен дәлелдеп берді.
1888 жылы әйелі қайтыс болғаннан кейін, туыстарының кеңесі бойынша Суриков Сібірге, Красноярскіге барады. Осы сапарында ол «Қар қалашығын алу» (1891) атты картинасын жазады. Москваға қайтып келгеннен кейін 1906-1910 жылдары Суриков өзінің ең соңғы үлкен жұмысы «Степан Разин» картинасын жазады.
Суретші 1916 жылы Москвада қайтыс болды.
Слайд 10Васнецов Виктор Михайлович
(1848–1926)
Ұлы орыс суретшісі 1848 жылы Вятка губерниясында,
діни қызметкердің жанұясында дүниеге келген.
1868-1875 жылдары Петербург қаласындағы көркемсурет Академиясында
дәріс алған ол модерн ағымындағы «орыс стилінің» негізін қалаған суретші.
Васнецов орыс тарихи жанрына ортағасырлық мотивтерді аңыздар мен ертегілермен ұштастырып жаңа бір тыныс берді. Ертегілердің өзі де оның кейбір қомақты шығармаларының арқауы болған. Осы живописьті аңыздар мен ертегілердің ішінде – «Витязь ой үстінде»(1878), «Аленушка»(1881), «Игорь Святославичтің қыпшақтармен болған шайқасынан соң»(1880, «Игорь полкі туралы сөз» атты аңыздың желісімен салынған), «Сұр қасқырға мінген Иван Царевич»(1889), «Үш батыр»(1898), картиналары бар. 1881 жылы жазылған «Жер асты патшалығының үш ханшайымы» атты картинасы көрерменді қиял әлеміне алып кететін, модернге тән сәндік картина-панно ретінде жасалған. Дәл сол стильде Васнецовтың театралдық жұмыстары, атап айтсақ А.Н.Островскийдің «Ақшақар» атты ертегі-пьесасының эскиздері, салынған.
Суретшінің кейінгі шығармалары көбінесе діни тақырыпқа арналды, мұндағы ең қомақты жұмысы (1885-1896), Киевтегі Владимир соборының росписі.
Слайд 11Врубель Михаил Александрович
(1856-1910)
Михаил Александрович Врубель 1856 жылы Омскіде офицер жанұясында
дүниеге келген. Оның әкесі жағынан ата-бабалары пруссиялық Польшадан шыққан болатын
(«врубель» полякша торғай).
Врубелдің шығармашылығының қалыптасуына оның ұстазы П.П.Чистяков көп ықпал етті. Ол Көркемсурет академиясында төрт жыл болады. 1884 жылы ол Кириловск шіркеуіндегі роспистерді жаңарту және жаңғырту үшін Киевке кетеді. Осы жұмыстар мен Владимир ғибадатханасының фрескасына жасаған нобайлардан-ақ ( «Табыт басындағы жоқтау» композициясының төрт варианты) суретшінің зор талабы ашылады. 1884 жылы Врубель бірнеше ай Венецияда болып, Қайта өрлеу дәуірі суретшілерінің шығармаларымен танысады. Киевке қайтып оралған ол, 1886 жылы мұң басқан «Парсы кілемінің алдында отырған қыздың» портретін салды. 1887 жылы суретші алдында салған эскиздері бойынша Владимир ғибадатханасының фрескаларын жасап бітіреді.
1889 жылы Врубель Мәскеуге көшеді.Осы уақыттан бастап суретшінің шығармашылығы керемет гүлденді. Ол көптеген өнер түрлерін жақсы меңгереді. Бұл қондырғылы картина, кітаптық иллюстрация, сәнді-монументті панно. Врубель натурадан көп салды, майоликамен қызыға шұғылданды (майолика- күйдірілген балшықтан жасалып, глазурь жалатылған көркем керамика).
Врубель шығармасындағы ең басты еңбектерінің бірі- М.Ю.Лермонтов поэмасындағы «Пері» (Демон) тақырыбы. Поэмаға иллюстрациялар жасайды, «Табыттағы Тамара». Он жыл ішінде Врубель Пері бейнесіне қайта келеді: «Отырған пері» (1890), «Ұшып бара жатқан пері» (1899), «Жаралы пері» (1902).
«Печальный Демон, дух изгнанья,
Летал над грешною землей,» деп М.Ю.Лермонтов өзінің поэмасында айтқандай Врубельдің перісі ең алдымен мұң басқан, қайғылы пері. Зұлымдықтан көрі онда қайғы көп, мұның өзі орыстың ұлттық кейіпкер бейнесіне жақын образ.
Оның замандастары Врубельдің перілерінен орыс интеллегенциясын, гармониясы жоқ әлемнен жұлқынып шығып, қиял әлеміне кетіп қалғысы келетін, бірақ оны күшпен қайта шынайы өмірге оралтатын, романтикті көрген.1890 жылдары Врубель шығармашылығындағы негізгі орынды орыстың фольклорлық тақырыбы алады: «Микула Селялинович» (1896), «Батыр» (1898). Врубельдің ертегі бейнелері өте әсем, «Аққу ханым» (1900), «Ақшақар» (1900). Врубельдің портреттері әр алуан. С.И.Мамонтовтың (1897), ақын В.Брюсовтың (1906), автопортреттері мен зайыбының портреттері белгілі.
Слайд 12Коровин Константин Алексеевич
(1861-1939)
Константин Коровин Мәскеуде бай көпестің жанұясында дүниеге келді.
Ол бала кезінен сәулетшілік өнерді үйренген, алайда көп ұзамай кескіндеме
өнеріне ауысып, бұл өнердің нағыз шеберіне айналды. Оның, тіпті қылқаламмен табыспай-ақ ақын болуы ғажап емес еді. Константиннің қиялынан туындаған өлеңдері, оның пейзаждарының әсемдігімен парапар. Кескіндеме өнері, ән салу, актерлік өнер- бәрі де ол үшін жеңіл еді. Кескіндемеде Коровин әр түрлі түстердің үйлесімділігін бейнелеуге ұмтылған. Академик Дмитрий Сарабьяновтың айтуынша, Коровин орыс импрессионизмінің жаңа парағын ашты.Осы стильде жазылған «Хористка» атты портреті оның замандастарының түсінігінен, қабылдауынан шет қалды, бірақ та аталмыш портрет осы стильде жазылған жұмыстарының алғашқысы болғандықтан да оның жанына жылы көрінді. Ол қоршаған ортаның әсем бояуларына шаттануға бейім еді. Ол лирикалық кескіндеме өнерінің қиын да қилы жолымен жүріп өтті. Оның өнерін дүниенің ішкі әсемдігін сезіне алатын жандар ғана түсіне білді. Коровиннің талантын бәрі мойындаса да, жазылған жұмыстарының өзгешелігін қабылдау қиынға соқты.
1888 жылы оның импрессионистік жұмыстарының үлкен қоры жиналған еді. Оның көбі Жуковкіде ұстазы Поленовтың үйінде салынған, олар: «Шай үстелі басында», «Қайықта», «Настурцилер», т.б. Коровин көп уақыт театр сахнасын әсемдеумен айналысты.
1923 жылы суретші өмір сүру үшін Францияға көшіп кетті. 1920-1930 жылдары кешкі Париж көріністерін, натюрморттар, орыстың қысқы пейзаждарын жазады. Париж, Лондон, Турин театрларының сахналарын көркемдейді. 1939 жылы Коровин Париж қаласында қайтыс болды.
Слайд 13Серов Валентин Александрович
(1865-1911)
Серов 1865 жылы Петербург қаласында мәдениетті жанұяда
дүниеге келді. Оның әкесі Александр Николаевич Серов белгілі композитор, танымал
музыка сыншысы болған, анасы- дарынды пианистка және сазгер. Олардың үйлерінде танымал адамдар, зиялы қауым көптеп жиналатын.
6 жасында әкесі қайтыс болғаннан кейін жас Валя өзін жалғыз сезіне бастайды. Музыкамен қатты шұғылданған анасы баласына көп уақытын бөлмеді. Дегенмен де баласының болашағын жақсы ойластырды. Ұлының сурет салуға деген құштарлығын көрген анасы, Мюнхенде тұрып жатқан жерінен Парижге болашақ суретшіні алып барып, 1874-1875 жылдары қыс бойы Репиннен дәріс алғызады. Репиндегі оқуын Серов кейін Мәскеуде жалғастырады, әуелі Репиннің үйіне көшіп барып, оның жанұясының бір мүшесі болып та кетеді. 1880 жылы ол Петербург академиясына түседі де, 1885 жылы академияны бітірмей кетіп қалады. Оны еркін шығармашылық жұмыстар қызықтырады. Оның шығармашылығы реалистік өнердің дамуын жалғастырады, оның мазмұнын тереңдетті де, айқын мүмкіншілікті кеңейтті.
Серовтың өнері анық және әр алуан. Ең алдымен, ол психологиялық, кескіндемелік және графикалық портреттердің шебері, бірақ оның дарыны пейзаж көрінісінде де, тарихи жанрда да, кітаптық иллюстрацияда да, сәндік және монументті сәндеу өнерінде де көрінді.
Серовтың ең бастапқы жұмыстары, оның белгілі портреттері «Шабдалы ұстаған қыз» (1887) және «Күн сәулесі түскен қыз» (1888) жас суретшінің атын шығарды және Серовтың бастапқы өнерінің ерекшелігін толығымен ашты.
1890 жылдары суретші, көбінесе өнер адамдарын бейнеледі, ең алдымен, олардың жеке шығармашылығын айқындап білу қажет болды. Н.С.Лесков портретінде (1894) ол ерекше көзқараспен реалист- жазушының қырағылығын береді. Ойшыл И.И.Левитанды суретшінің ақындық сезімімен бейнелейді.
1890 жылдары портреттен басқа пейзаж да жазады: «Қараша. Домотканово» (1895), «Қыста» (1898). Онда суретші өнерінің демократизмі ерекше көрнекілікпен бейнеленген.
1900 жылдары Серов шығармашылығы күрделенеді. Ең басты орынды портрет алады. Мысалы, «Мика Морозов» (1901), М.Н.Ермолованың (1905), А.М.Горькийдің (1904) және т.б. портреттері.
Серов терең ойшыл, шынайы өмірді бейнелеуде жаңашыл формаларды, тәсілдерді іздеуші суретші болды. Вера Мамонтованың («Шабдалы ұстаған қыз») портреті мен «Европаны алып қашуды» (1910) бір суретші салды дегенге сену де оңай емес. Серовтың 80-90 жылдардағы импрессионистік портреттері мен пейзаждарынан тарихи және мифологиялық композицияларындағы модернге дейінгі эволюция оның дарынының көп қырлылығын анық айқындайды.