қана қылқан жапырақты ағаштар өседі. Тайганың топырағы күлгін, көбінесе батпақты
болып келеді. Климаттың батыстан — шығысқа қарай қаталдануына байланысты Скандинавия түбегі мен Финляндияда, Ресейдің еуропалық бөлігінде қарағай мен шырша өседі. Ал Ресей жерінің Оралдан шығысқа қарай жатқан бөлігі Сібірде суыққа төзімді майқарағай, сібір қарағайы және қыста қылқандарын түсіретін ағаш балқарағай таралған.Орманды дала және дала зоналары Шығыс Еуропа мен батыс Сібір жазықтарының оңтүстігінде тұтас жолақ түрінде Алтайға дейін созылып, Қиыр Шығыста қайта жалғасады. Бұл зоналарда өте құңарлы қара топырақ таралған. Сондықтан зоналар түгелге дерлік жыртылған. Жануарлардан саршұнақ, дала күзеңі, дала тышқандары тіршілік етеді.
Шөлейт және шөл зоналары Каспий маңы ойпатынан басталып, Қазақстан мен Орта Азияны тұтас жолақ түрін қамтып, Моңғолия мен Қытайдың тауаралық ойыстарында таралған. Шөлейтке күрең топырақтар тән, тұзы бетіне шығып жататын сортаңдар да кездеседі. Шөлейттерде кең таралған жусандармен қатар селеу, бетеге, бұйырғын және т.б. өсімдіктер өседі.