жылдарындағы ауыл мектебінің жай-күйін сөз етеді.
Ғалым мектепте баланы ана
тілінде оқытуды дұрыс санап, баспасөз бетінде ойын ашық айтады: «Орта мектеп орыс тілінде болсын деушілерге: «Егер орта мектепте оқу орыс тілінде болса, бізден еш уақытта жеткілікті оқытушы шықпайды.
Ұлт мектептері, ұлт мәдениеті болмайды. Және басқа түрік ұлттары орта мектебін өз тілінде жүргізіп жатқанда қазақтың өз алдына ауа жайылуы қисынсыз» деген.
Қ.Кемеңгерұлының бұл көзқарасынан ұлттық мәдениет, ұлттық дүниетаным, ұлттық психологиямыздан айырылып қалмау ниеті аңғарылады. Алаш қайраткерінің ұлтжанды ой-пікірлері қазіргі қоғамда өзектілігін жоғалтқан жоқ.
«Жат тілді оқыту әдісі» атты мақаласында: «Сөзді құрғақ жаттау жағын азырақ алып, көбінесе сөзді жаттықтырумен есте қалдыру керек. Құрғақ жаттаумен сөз миға қонбайды, ұмытыла береді. Олай болмас үшін сөздерді қосақтап, өзгертіп сөйлемдер жасату керек», – дей келіп осы ойды өзге ұлттарға қазақ тілін оқытуда да басты назарға алады. Ол сабақ үстінде аудармасыз түсіндіру арқылы жат тілде ойлауға үйретуді дұрыс санайды.
Қ.Кемеңгерұлы тіл үйренушінің сезім мүшелерінің бәрін іске қосу арқылы тілді меңгертудің маңызы зор екендігін түсінген. Ол көру сезімдеріне әсер ету үшін түрлі көрнекіліктерді пайдаланып отырған. Түсіндірілетін материалды естуден гөрі көру арқылы қабылдау жақсы нәтижелерге жеткізетінін айтады. Әсіресе, әдіскердің күрделі грамматикалық материалдарды кестемен оқытуы тіл үйренушілердің теорияны оңай қабылдауларына септігін тигізетіні анық. Көрнекілік ретінде қолданылған кестелер баланы әр түрлі ойлау әрекеттеріне бейімдейді.