поэмаларында өмірдегі сан түрлі мәселелерді кеңінен қамтып, өршіл ой-түйіндерін бүкпестен,
өткір де ашық насихаттауға тырысты. Алғашқы поэмасы “Таныстыруда” Алашорда қозғалысы өкілдерін елге таныту мақсатын көздеді.Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов,М.Дулатовтарды таныстырып, олардың “бірі – күн, бірі – шолпан, бірі – ай” екендігін жазады, алаштықтардың қазақ халқының тәуелсіздігі жолындағы еңбектерін саралайды. Алаш өкілдерімен қоса, қазақтың көрнекті тұлғалары Абай мен Шәкерімді ерекше атап көрсетеді. “Адасқан өмір”, “Кедей” поэмаларының негізгі сарыны қоғамдағы әділетсіздік себептерін ашу, теңдікті іздеу болып табылады. Ақын бұл жайларды қазақ ауылы шеңберінен шығып, капиталистік қоғамға тән мәселелер ретінде қозғайды. “Адасқан өмір” – Торайғыров шығармашылығының зор табысы болады.